2020 жылы білім беруді дамыту үдерістеріне қызығушылық танытатын жұртшылық PISA, ICILS, PIAAC, TALIS  нәтижелері жарияланғаннан кейін бір жылда ізін суытпай TIMSS 2019 зерттеу нәтижелеріне қол жеткізді, әдетте онда Қазақстан да қатысады.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің жайы мен дамуы туралы әртүрлі өлшеу арқылы алынған мұндай көлемдегі деректер білім беру индикаторларын терең талдауға, оларды басқа елдердің нәтижелерімен салыстыруға, сондай-ақ ел ішіндегі үрдістерді зерттеуге мүмкіндік береді.

Дайджесттің бұл бөлімінде халықаралық салыстырмалы зерттеулердің нәтижелерін пайдалану туралы және реформаларды дәлелдеу үшін оларды қолдану барысында туындайтын «қиыншылықтар»  жайлы ғылыми мақалалардың талдауы берілген.

Э.Климе (2020 ж.) білім беру саясаты мен тәжірибесінде халықаралық салыстырмалы зерттеулерді (ХСЗ) қолдану жөніндегі еңбегінде атап өткендей, ХСИ-дің негізгі мақсаты — білім беру жүйелерінің тиімділігі, әділдігі мен өнімділігіне қатысты көрсеткіштерді өлшеу, халықаралық салыстыру үшін бағдар белгілеу, ағымдағы үрдістерді бақылау, білім беру саясатын білім беру менеджменті мен оқу бағдарламаларындағы инновациялар туралы әртүрлі деңгейде ақпараттандыру.

Бұл ретте, көптеген елдерде, оның ішінде Қазақстанда ХСЗ нәтижелері (мысалы, PISA нәтижелері) білім беру саясатына «ұзаққа барар» әсер бере отырып, (Klieme, 147, Hall-да және т.б., 2020) кеңінен жарияланады.

ХСЗ ауқымды және мұқият тексерілген деректерді ұсыну арқылы білім берудің тиімділігін зерттеу қозғалысының одан әрі дамуына ықпал ете алатындығын ескере отырып, автор қате жалпылауды болдырмас үшін зерттеу нәтижелерін сақтықпен интерпретациялау қажеттілігін ескертеді.

Мысалға, оқушылардың алдыңғы жетістіктері (мектепке дейін білім алу, қосымша сабақтарға қатысу және т.б.)  қорытынды нәтижелерді қалыптастыруда маңызды болуы мүмкін, нәтижесінде «себеп бағыты» (direction of causality) түсініксіз болуы мүмкін. Автордың пікірінше саясаткерлер де, зерттеушілер де асығыс түрде интерпретация жасап, ұзаққа барар қорытындылар жасайтындықтан олар жиі шатасады.

Klieme қызықты ой айтады — ХСЗ нәтижелерін білім беру тиімділігі туралы мәлімдемелерді негіздеудің орнына (мысалы, саясат пен практиканың оқушылардың үлгеріміне әсерін бағалау),  оқушылар, отбасылар, мектептер мен аймақтар арасында білім алу мүмкіндіктерінің қалай үлестірілгені жайлы ақпарат алу үшін пайдалануға болады.

Бұл жағдайда саясат пен практика тәуелді айнымалылар ретінде қарастырылады, ал оқушылардың үлгерімі, сондай-ақ олардың отбасылық жағдайы тәуелсіз айнымалылар ретінде қарастырылады. Басқаша айтқанда, автор PISA немесе TIMSS нәтижелерін белгілі бір бағдарламаның немесе реформаның тиімділігінің дәлелі ретінде қарастырмай, керісінше, оларды бағалауды ұсынады.

Оның пікірінше, бұл «мигрант-оқушылар мен әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы нашар отбасылардан шыққан оқушылар басқа оқушылармен тең дәрежеде жақсы дайындалған мұғалімдер мен мектеп директорлары жұмыс істейтін мектептерде оқу, дамуға қолайлы және ынталандыратын сынып жағдайлары мен сыныптан тыс білім алу мүмкіндіктеріне ие ме?» немесе «мұғалімдерден сараланған нұсқауларды,  кері байланыс пен қолдауды кім алады?» деген сұрақтарды қоюға мүмкіндік береді.

«Policies and Practices of Assessment: a Showcase for the Use (and Misuse) of International Large scale Assessments in Educational Effectiveness Research» деген бөлімінде Klieme PISA 2015-те пайдаланылған өлшемдердің «инварианттылығын» (әртүрлі елдердің мағыналық құрылымды бірдей түсінуі) талдады.

Мысалы, мұғалімдердің оқушыларға кері байланыс беруі жайлы сұрақтарға берген оқушылардың жауаптарын елдердің тілі мен аймағына қарай бөліп қайта талдаған автор ЭЫДҰ-ның осы мәселеге қатысты елдерді саралау тәсілдемесі қате,  «маңызды және пайдалы ақпарат берудің орнына, елдер арасындағы айырмашылықтар туралы жаңылыстыратын мифтерді туындатады» деген қорытындыға келеді (Klieme, 163, Hall-да және т.б., 2020). Атап айтқанда, автор ағылшын тілді елдерге қатысты қалыптасқан ағат пікір барлығын анықтады, бұл елдердің кері байланыс пен қалыптастырушы бағалаудан нәтижелері ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болып шықты. Дегенмен, Klieme ХСЗ деректерін білім беру тиімділігі жөніндегі зерттеулерді ақпараттандыру үшін қолдануға болатынын мойындайды.

Оқу жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастық (IEA) 2020 жылы ХСЗ-ның сенімділігі мен дұрыстығы жайлы кітап шығарды, оған IEA зерттеулері нәтижесінде алынған деректердің талдамасы көрсетілген бірқатар мақалалар кірді.

«ХСЗ-ның білім беру саясатына әсерін түсіну» деген тараулардың бірінде Рутковски және басқалары ХСЗ деректері негізінде саяси шешімдер қабылдау үдерісін жүйелеу әдістерін талдайды.

Авторлар атап өткендей, білім беру қоғамдастығы, кейде тіпті саясаткерлердің өзі ХСЗ деректері автоматты түрде саяси шешімдер ұсынады деп қате үміттенуі мүмкін. TIMSS, PIRLS сияқты зерттеу нәтижелері, білім беру саясатында қабылданған шаралар, реформалардың тиімділігі және т.б. арасында нақты байланыс табу  қиын – зерттеу нәтижелерінің аты шулы релиздері көбіне қолданыстағы күн тәртібін ақтау үшін қолданылады.

Рутковски және басқалары мұндай қауымдастық анықталса да, ХСЗ-ның әсер ету нәтижесінде саясатта болған кез-келген өзгеріске оның ықпал ету дәрежесі немесе қарым-қатынас бағытын анықтау әлі де болса қиын екенін ескертеді. Басқаша айтқанда, белгілі бір ХСЗ болмағанда саясат өзгермейді деген кері пайымдауды дәлелдеу қиын.

Авторлардың айтуынша, мемлекеттер ХСЗ деректерін белгілі бір білім беру жүйесі контекстінде сирек талдайды.

Әдетте, «оқиғалар тізбегі негізінде болжам жасалған кезде, яғни бір оқиға екіншісінен кейін болғандықтан, ол одан шығады деп болжанған кезде» кез-келген реформа ХСЗ нәтижелерімен байланыстырылады (264-бет). Сонымен бірге, белгілі бір зерттеу белгілі бір саяси шешім қабылдауға әкелді деген себеп-салдарлық байланыс жайлы мәлімдемелер әдіснамалық негізді қажет етеді, ал оған көптеген ұлттық жүйелердің күрделілігінен қол жеткізу мүмкін емес.

Авторлар Oliveri және т.б. ұсынған моделі негізінде ХСЗ-ның саясатқа әсерін бағалау моделін әзірледі (2018). Oliveri және т.б. ұсынған модель дегеніміз мемлекеттердің білім беру мақсаттарының ХСЗ мақсаттарына сәйкестігін анықтау моделі.

 

Дереккөздер:

Klieme, E. (2020) “Policies and Practices of Assessment: A Showcase for the Use (and Misuse) of International Large-Scale Assessments in Educational Effectiveness Research” in International Perspectives in Educational Effectiveness Research, (ed.) Hall, J., Lindorff, A., Sammons, P.  Springer Nature Switzerland, doi.org/10.1007/978-3-030-44810-3

Rutkowski, D., Thompson, G.& Rutkowski, L. (2020) “Understanding the Policy Influence of International Large-Scale Assessments in Education” in Reliability and Validity of International Large-Scale Assessment. Understanding IEA’s Comparative Studies of Student Achievement, (ed.) Wagemaker, H. (2020). Springer, C. https://doi.org/10.1007/978-3-030-53081-5

Oliveri, M. E., Rutkowski, D., & Rutkowski, L. (2018). Bridging validity and evaluation to match international large-scale assessment claims and country aims.№ ETS Research Report Series, 2018(1), 1–9. https://doi.org/10.1002/ets2.12214.

0
*
*

Жаңа тіркелгі
*
*
*
кілтсөз енгізілмеген
*

10 + 9 =

Password generation