2020 жылы Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы (ЭЫДҰ) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша Starting Strong VI кезекті есебін ұсынды. Бұл есеп Quality beyond Regulations ауқымды зерттеуінің нәтижелерін, сондай-ақ 2018 жылы ЭЫДҰ-ның 14 елінде жүргізілген TALIS Starting Strong мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту саласындағы алғашқы зерттеу нәтижелерін қамтиды (зерттеу нәтижелері 2020 жылдан бастап кезең-кезеңімен жарияланып келеді). Осы зерттеулердің негізінде ЭЫДҰ мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы саясатты жетілдіруге бағытталған ұсынымдарды әзірледі. Төменде осы есептің нәтижелері мен қорытындылары, сондай-ақ Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру деректерінің талдауы келтірілген.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңыздылығын түсіну. Білім беру саласындағы зерттеулер, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның Quality beyond Regulations ауқымды жобасы, басқарушыларға мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапалы болу мәселесі қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізуге мүмкіндік берді. Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу қысқа мерзімді перспективада (балалардың әлеуметтік дағдылары мен мүдделерін қалыптастыруға ықпал ету) оң әсерін тигізіп қана қоймай, болашақта балалардың дамуына ұзақ мерзімді әсер етеді. Осылайша, Ұлыбританиядағы ұзақуақтық зерттеу нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдарға ұзақ уақыт бойы бару оқуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге және әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды дамытуға ықпал ететіні анықталды. Мектепке дейінгі ұйымдарға барған балалардың колледждерге қарағанда жоғары оқу орындарына түсу ықтималдығы жоғары болып келеді. Аустралия, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия, Испания және АҚШ елдерінің мектепке дейінгі білім беру жүйелеріндегі мета-талдау нәтижесінде балалардың мектепке дейінгі ұйымдарға, әсіресе тиісті деңгейдегі қаржыландыру қамтамасыз етілетін мемлекеттік мекемелерге баруының оң әсері анықталды.

Барлығына қол жетімді сапалы түрде көрсетілетін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту балалардың физикалық немесе психикалық денсаулығына байланысты ықтимал ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға және олардың алдын-алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Қазақстанда инклюзивті оқытуға жағдай жасалған мектепке дейінгі ұйымдардың орташа үлесі соңғы жылдары оң динамиканы көрсетіп отыр, дегенмен бұл көрсеткіш әлі де айтарлықтай төмен болып қалуда (2019 жылы 29%).

Жеке меншік ұйымдардың үлесі жоғары болып келеді. ЭЫДҰ елдерінің үкіметтері мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың күннен-күнге артып келе жатқан маңыздылығын жақсы түсінгенімен, білім берудің осы саласындағы қаржыландыру деңгейі әлі де төмен болып отыр. ЭЫДҰ елдері орта есеппен ЖІӨ-нің 1,46%-ын бастауыш білімге және 1,95%-ын орта білім беруге бөледі, ал мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу саласын қаржыландыру үлесі 0,84%-ды ғана құрайды. Жеткіліксіз қаржыландыру мамандардың тапшылығына алып келеді және бұл жағдай TALIS Starting Strong зерттеуінің нәтижелерінен анық байқалады. Сауалнамаға қатысушылар күйзеліске түсудің негізгі себептерінің ішінде топта балалар санының көп болуын және жұмысқа келмеген әріптестерін алмастыру қажеттілігін атап өтті. Бұл, өз кезегінде, тәрбиешілердің кәсіби даму бағдарламалары мен курстарына қатысуға қажетті уақыт пен қаражаттың тапщылығына алып келеді. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын талдау нәтижесінде Қазақстанда осы салада жұмыс істейтін педагог қызметкерлердің шамамен 54%-ының біліктілік санаты жоқ екені анықталды.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы мемлекеттік қаржыландырудың тапшылығы жеке инвестициялардың негізінде өтеледі. Жеке инвестициялардың көлемі бастауыш және орта білім беру салаларына қарағанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында салыстырмалы түрде жоғары болып келеді. Мысалы, ЭЫДҰ елдеріндегі әрбір үшінші бала жеке меншік мектепке дейінгі ұйымға барады, ал әрбір оныншы бала жеке меншік бастауыш мектепке барады. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың үштен екісі Аустралия, Ирландия, Жапония, Оңтүстік Корея және Жаңа Зеландиядағы жеке меншік ұйымдарға барады.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мемлекет тарапынан аз қаржыландырылуы жеке инвестицияларды тартуға деген сұраныстың артуына алып келеді. Атап айтқанда, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде (Алматы, Шымкент қалалары, Түркістан, Алматы және Қызылорда облыстары) балалардың жартысынан көбі жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарға барады, ал Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 10%-дан кем болып келеді. Осыған байланысты жеке меншік мекемелердің сапалы қызмет көрсету және барлық балалар үшін теңдей қолжетімді болу мәселелерін бақылаудың маңыздылығы артып отыр.

Халықтың барлық топтары мен жастық топтарын қамту. Көптеген зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес балаларды мектепке дейінгі біліммен кеңінен қамту қажет. ҚР-ның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес барлық балалардың 80%-ын қамту мақсаты қойылып отыр. 2019 жылы Қазақстан 78,3%-ды құрайтын көрсеткішке қол жеткізді. Қазақстанмен бірге ЭЫДҰ елдері үшін де 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды қамту маңызды болып табылады, өйткені ҚР-дағы осы жас тобындағы балалардың едәуір бөлігі (57%) әлі де мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеумен қамтылмаған. Бұл мәселе кешенді тәсілдемені талап етеді, өйткені ЭЫДҰ елдерінде де, әлемнің басқа елдерінде де ең кіші жас аралығындағы балаларды оқытуға және тәрбиелеуге бағытталған бірыңғай куррикулум жоқ. Сонымен қатар, қаржыландырудың тапшылығы мен мектепке дейінгі білім беру жүйесінің негізінен мектепалды жастағы балаларға бағытталуы жағдайында, тіпті мектепке дейінгі ұйымдарға тартылатын айтарлықтай жоғары жеке инвестицияларға қарамастан, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға сапалы қызметтер көрсету мемлекет үшін шешуді қажет ететін күрделі мәселелердің бірі болуы мүмкін.

Бастауыш және орта білім беру салаларындағы секілді мектепке дейінгі ұйымдардың қызметтеріне мұқтаж отбасылардың әлеуметтік-экономикалық мәртебесін есепке алу маңызды болып табылады. Халықтың осал топтарынан шыққан балалардың ерекшеліктерін ескеретін ерте оқыту және тәрбиелеу теңдей барлық балалардың бойында қарым-қатынас жасау және ойлау секілді аса маңызды дағдыларды қалыптастыруда орасан зор қызмет атқара алады.

ЭЫДҰ елдері мектепке дейінгі білімге қол жеткізу саласындағы теңсіздікті жоюда елеулі жұмыстар атқаруда. Мәселен, ауқатты отбасылардан шыққан балалардың мектепке дейінгі ұйымдардағы үлесі 10%-ға артық болып келеді. Қазақстанның көптеген өңірлерінде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100%-ды құрайды, алайда бұл халықтың әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топтарындағы балалар үшін ұсынылатын қызметтер сапасындағы ықтимал айырмашылықты көрсетпейді. Сонымен қатар, балалардың санын ескеру өте маңызды болып келеді. Өйткені бұл оқыту сапасына тікелей әсер етеді және әр топқа көп жағдайда бір ғана тәрбиеші тағайындалады.

Куррикулум және мектепке дейінгі ұйымнан мектепке көшу. Білім берудің басқа деңгейлерімен салыстырғанда, мектепке дейінгі білім беру деңгейінде, әсіресе, жоғарыда айтылғандай, 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды оқыту үшін куррикулумды әзірлеудің бірыңғай тәсілі жоқ. Кейбір елдерде мұндай ерте жастағы балаларды оқыту мен тәрбиелеу тіпті қарастырылмаған, ал кейбір елдерде бұл міндетті емес. Ал жасы үлкенірек балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін бір уақытта бірнеше куррикулум қарастырылуы мүмкін.

Куррикулумды әзірлеудегі маңызды критерийлердің бірі – мектепке дейінгі ұйымнан бастауыш мектепке оңай және ауыртпалықсыз көшу. Бұл тармақтың маңыздылығы 2020-2025 жылдарға арналған БҒДМБ бағдарламасында көрсетілген. Оның негізгі мақсаты оқушының бүкіл білім беру траекториясында жинақталатын аралық негізгі құзыреттіліктерді анықтау болып табылады. Алайда, осы құжат шеңберінде айқындалған жалғыз негізгі құзыреттілік үш тілде оқыту болып табылады. Куррикулумдардың тиімді сабақтастығын қамтамасыз ету мемлекет пен барлық мүдделі тараптардан неғұрлым кешенді тәсілдемені қолдануды талап етеді.

Covid-19 індетінің әсері. Бірінші кезекте, бастауыш және орта білім саласында көптеген елдердің тарапынан індетке қарсы жүйеленген шаралар қабылданғанын атап өту қажет. Ал мектепке дейінгі білім беру деңгейінде қабылданған шараларда үлкен айырмашылықтар байқалады. Кейбір елдер мектепке дейінгі оқытуды толығымен тоқтатты, кейбір елдерде мектепке дейінгі ұйымдар тек аса маңызды қызметкерлердің балаларын ғана қабылдады және тек 42%-ы қашықтан оқытуды жалғастыруды қажет деп санады. Мектепке дейінгі ұйымдардың жабылуы балалардың қарым-қатынас жасауына тосқауыл қойды және әлеуметтенудің негізгі дағдыларын дамытуға мүмкіндік бермеді, ал қашықтан оқыту бетпе-бет қарым-қатынас жасау мен байланысты алмастыра алмайды. Қаржыландырудың төмен деңгейі мен кадрлар тапшылығы да көкейкесті мәселеге айналуда. Өйткені, осының салдарынан тәрбиешілер бұл саладан басқа салаға кетуде, ал бұл кадрлармен байланысты мәселелердің одан әрі ұшығуына алып келеді.

Елдердің қабылдаған шаралары мектепке дейінгі ұйымдар мен олардың жұмысшыларына қолдау көрсету және ата-аналарға тікелей қолдау көрсету тұрғысынан да ерекшеленеді. Індет кезіндегі жағдайлар мектепке дейінгі ұйымдар мен оларға баратын балалардың ата-аналары арасында байланыс орнату және қолдау мектепке дейінгі сапалы тәрбие мен оқытудың маңызды құрамдас бөлігі екенін көрсетті. Халықтың осал топтарынан шыққан ата-аналарды қолдау ерекше маңызды болып табылады, өйткені зерттеулерге сәйкес аналардың жұмыспен қамтылуы мен балалардың мектепке дейінгі ұйымдарға баруы арасында өзара байланыс бар. Халықтың неғұрлым осал топтары арасындағы жұмыссыздықтың өсуі балалардың мектепке дейінгі оқыту жүйесінен кетуіне алып келеді және бұл жағдайда балалар мектепалды білім берудің артықшылықтарын толық пайдалана алмайды.

 

Дереккөздер:

OECD (2021). Starting Strong VI: Supporting Meaningful Interactions in Early Childhood Education and Care, Starting Strong, OECD Publishing, Paris.

АТО (2020). Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің жағдайы мен дамуы туралы Ұлттық баяндама (2019 жылдың қорытындысы бойынша).

Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

0
*
*

Жаңа тіркелгі
*
*
*
кілтсөз енгізілмеген
*

five × one =

Password generation