Соңғы кездері «экожүйе» ұғымы табиғаттағы ағзалардың тіршілік әрекетін ұйымдастырудан бастап әлеуметтік институттар, бизнес, экономика және технологияның жұмысына дейінгі көптеген салаларда қолданылады.

Global Education Futures бастамасының сарапшыларының (HundrEd зерттеу бөлімінің жетекшісі Джессика Спенсер-Кейс, Сколково Мәскеу басқару мектебінің профессоры Павел Лукша, Әлеуметтік инновациялар институтының деканы Джошуа Кубиста) айтуынша, біз адамзат тарихындағы ең серпінді кезеңдердің бірінен өтіп жатырмыз, сонымен қатар жаһандық өзгерістердің салдарын және белгілі бір үдерістердің қысымын көріп отырмыз. Қоғам экологиялық және биологиялық қауіп-қатерлер, сондай-ақ әлеуметтік құрылымның осалдығы туралы көбірек біле бастады.

Біз жаһандық ақпараттық ағым мен әлеуметтік желіде «аса байланысты» болып, Интернетке тәуелді болдық. Цифрлық технологиялар саласындағы инновациялар еңбек нарығының бейнесін түбегейлі өзгертіп, әлемдік экономиканы өзгерте алады. «Қауіпі де, әлеуеті де жоғары технологиялар» (мысалы, генетикалық инженерия) шындыққа айналып, үлкен әлеует болумен қатар, дүниежүзілік ауқымды қауіп болып табылады. Демографиялық көрсеткіштер де өзгерді — қалалану, өмір сүру ұзақтығының артуы, бірқатар аймақтарда туу деңгейінің төмендеуі (Спенсер-Кейс, Лукша, Кубиста, 2020).

Соңғы жылдары әлемнің күрделілігі мен алдын-ала болжанбауын сипаттау үшін ағылшын тіліндегі VUCA қысқармасы қолданылады, бұл тұрақсыз (Volatile), көмескі (Uncertain), күрделі (Complex) және екіұшты (Ambiguous) әлемді білдіреді.

Бүкіл әлемдегі білім жасөспірімдерге VUCA әлемінде жастардың салауатты және тұрақты өмір салтына сәйкес келетіндей жөн табу дағдыларын қалыптастырмайттыны белгілі болды. World Skills есебіне сәйкес жастардың (19 елдегі 15 000 жауап берушінің) тек 20%-ы ғана өз білімін бағалайды (ЭЫДҰ, 2019). Сол сияқты, HundrEd жобасының «Әрбір бала өсіп-өну керек» зерттеуіне сәйкес жастардың 83%-ы өздерін қазіргі замандағы өмірге дайын деп санамайды (Warren & Spencer-Keyse, 2018).

VUCA әлемінің жағымсыз мағынасын өзгерту үшін доктор Бронвен Рис (психотерапевт, Matrix College of Counselling and Psychotherapy) қысқарманың жағымды баламаларын ұсынып отыр. Оның пікірінше, біз VUCA ұғымының өзін сапалы өзгерте аламыз:

  • Тұрақсыздық (Volatility) Көзқарасқа (Vision),
  • Көмескілік (Uncertainty) Түсінікке (Understanding),
  • Күрделілік (Complexity) — Анықтыққа (Clarity),
  • Екіұштылық (Ambiguity) — Икемділікке (Agility) ауысады (Rees, 2017).

Спенсер-Кейс және т.б. (2020) айтуынша, мектептегі білім беру жүйесіндегі «екіұшты» мәселелерді шешу үшін жеке және пәнге бағдарланған білім беруден бірлескен біртұтас білім беруге көшу керек, өйткені пәннен тыс және «өмірлік» дағдылардың маңызы артып барады. Классикалық білім беру жүйесі стандартқа сәйкес білім мен дағдылардың оқыту модульдерінен «жиналатын» «Модульдік адамды» қалыптастырады. Өз кезегінде, инновациялық жүйе «Күрделі адамды» қалыптастырады – білім беру және пәнаралық дағдыларды дамыту траекториялары есебінен бірегей тұлға өседі.

Орта білім беру аясында (онымен шектелмей) тұтас тұлғаны қалыптастыру тәсілдері туралы сұраққа ықтимал жауап ретінде сарапшылар білім алушыны білім беру экожүйесінің бөлігі ретінде қарастыруды ұсынады.

«Білім беру экожүйесі» термині жақында ғана қолданыла бастады. Вирджиния политехникалық университетінің 2007 жылғы инновациялық стратегиясында «білім беру экожүйесі барлық мүдделі тараптардың (оқытушылар құрамы, студенттер, өнеркәсіп салалары, қауымдастықтар және осы санаттардың әрқайсысындағы жеке тұлғалар) активтері мен мүдделерінің жиынтығын қамтиды деп жазылған, оның мақсаты– барлығына пайдалы синергетикалық нәтижелерге қол жеткізу» (Pearce & McCoy, 2007).

2011 жылы Innovation Unit ұйымы CISCO компаниясымен бірлесіп «экожүйе» ұғымын ең алдымен «инновацияларды қолдау жүйесі» (оның ішінде әлеуметтік инновацияларды) ретінде қарастырып, «Білім беруге арналған инновациялық экожүйені дамыту» (Hannon, Patton, & Temperley, 2011) баяндамасын жариялады. Білім берудегі экожүйелік тәсіл әлі қалыптасып жатқандықтан, сонымен қатар тұжырымдаманың күрделілігіне байланысты қазіргі уақытта білім беру экожүйесінің бірыңғай анықтамасы жоқ.

Білім беру экожүйелерін инновациялық, кәсіпкерлік және білім беру экожүйелік тәсілдерінің әр түрін біріктіру құралы ретінде қарастырған жөн (төмендегі суретті қараңыз, Спенсер-Кейс және т.б., 2020).

 1-сурет. Кәсіпкерлік, инновациялар және білім беру салаларындағы көпдеңгейлі экожүйелердің өзара байланысының мысалы (дереккөз: Спенсер-Кейс және т. б., 2020)

 

Білім беру экожүйесінің сипаттамалары

Спенсер-Кейс және т.б. (2020) ойынша көпжақтылық, шығармаластық және мақсаттылық білім беру экожүйесінің негізгі сипаттамалары болып табылады.

Көпжақтылық шешім қабылдау барысында әртүрлі қатысушыларды белсенді тартуды көздейді. Осылайша, олар «бірінші желі ойыншылары» немесе білім беру үдерісінің тікелей қатысушылары (мектептер, университеттер) және «екінші желі ойыншылары» болып бөлінеді, олар қызметте ережелер мен шектеулерді белгілейді, бірақ оқушылармен тікелей қарым-қатынас жасамайды (менеджерлер, кәсіби қауымдастықтар, банктер, ата-аналар, БАҚ). Бұл жағдайда білім беру экожүйелерінің ерекшелігі – қоршаған ортаны тиімді және мақсатты құру және ресурстарға қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін қарым-қатынастарды мақсатты орнату.

Осыдан білім беру экожүйелерінің екінші сипаттамасы туындайды – шығармаластық мүмкіндігі, бұл білім беру үдерісін ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысатын барлық адамдардың бірлескен жұмысын білдіреді. Бұл сипаттама экожүйенің орталықсыздығын көрсетеді және барлығына білім беру үдерісін барынша тиімді ұйымдастыру үшін тәжірибе, білім және идеялармен алмасу мүмкіндігін беріп, инклюзивтілік, әртүрлілік, тең мүмкіндіктер қағидаттарына негізделген.

Соңғы сипаттама, экожүйенің мақсаттылығы барлық қатысушылардың жұмысын олардың бүкіл әрекеттері мен күш-жігерін оқуға бағытталатындай етіп ұйымдастыруды білдіреді. Экожүйе басқа да мақсаттарға жетуді білдіруі мүмкін: әлеуметтік және жалпы әл-ауқат, жеке және ұжымдық өзгеру, өсу және даму, оқудан рахат алу немесе ұжымдық хабардарлықты арттыру.

 


 

Дереккөздер:

ЭЫДҰ (2019). Youth Voice for the Future of Work. Retrieved from https://worldskills.org/what/projects/youth-voice/

Спенсер-Кейс Д., Лукша П., Кубиста Д. (2020). Образовательные экосистемы: возникающая практика для будущего образования. Московская школа управления СКОЛКОВО и Global Education Futures: Москва

Hannon V., Patton A., & Temperley J. (2011). Developing an Innovation Ecosystem for Education. London: Innovation Unit.

Pearce A., McCoy A. (2007) Creating an Educational Ecosystem for Construction: A Model for Research, Teaching, and Outreach Integration and Synergy. Working paper E14. Myers-Lawson School of Construction, Department of Building Construction, VirginiaTech.

Rees, B. (2017). The Use of Mindfulness in a Traumatic VUCA World. In Managing VUCA Through Integrative Self-Management (pp. 193-206). Springer, Cham.

Warren F., & Spencer-Keyse J. (2018). Every Child to Flourish Understanding Global Perspectives on Improving Education. HunrEd.

0
*
*

Жаңа тіркелгі
*
*
*
кілтсөз енгізілмеген
*

five × four =

Password generation