TALIS-2018 ЗЕРТТЕУІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ТУРАЛЫ ЕСЕПТІҢ II ТОМЫНДА КЕЛТІРІЛГЕН НЕГІЗГІ НӘТИЖЕЛЕР

№24 Дайджест. TALIS-2018 НӘТИЖЕЛЕРІНІҢ ІІ ТОМЫ: БІЛІКТІ КӘСІПҚОЙ МАМАНДАР РЕТІНДЕГІ МҰҒАЛІМДЕР МЕН МЕКТЕП БАСШЫЛАРЫ

Тиімді жұмыс істейтін мұғалім болуға қажетті дағдылар жиынтығы ауқымды және күрделі болып келеді. Мұғалімдер өз пәнін және оны қалай оқыту керектігін өте жақсы біліп қана қоймай, балаларды дамыту, сыныпты қадағалау, басқару, тіпті психология саласынан да хабардар болуы қажет және өмір бойы өз білімін тереңдетіп, жаңартып отыруы керек. Міне, осы себептерге байланысты ұстаздық жай ғана «жұмыс» емес, «мамандық» болып есептеледі. Сол сияқты, мектеп басшыларының да міндеттері дәстүрлі басқарушылық міндеттердің аясынан асып түсті. Енді олар топты басқару, оқыту, желіні құру және ата-аналар мен басқа да мүдделі тараптармен тиімді қарым-қатынас жасауды қамтиды. Бірақ мұғалімдер мен директорлардың «кәсіби биліктілігі» әртүрлі елдерде және жергілікті жағдайларға байланысты ерекше болып келеді. Оған ұстаздар мен мектеп басшыларының ұстанатын саясаты мен мінез-құлқы да әсер етуі мүмкін.

TALIS 2018 зерттеуінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігі негізгі бес көрсеткіш бойынша талданады: оқытуға қажетті білім мен дағдылар; мансаптың жоғарылау мүмкіндіктері және жұмыс ережелері; мұғалімдер арасындағы ынтымақтастық мәдениеті; мұғалімдердің жауапкершілігі мен дербестігі; мамандықтың мәртебесі мен жағдайы. Зерттеу нәтижелеріне қатысты есептің екінші томында «Мұғалімдер мен мектеп басшылары білікті кәсіби мамандар» тарауында бедел, мансаптың жоғарылау мүмкіндіктері, ынтымақтастық пен автономия қарастырылады.

Мансаптың беделі және оның әлеуметтік жағдайы осы мамандық бойынша жұмыс істегісі келетін үміткерлерді таңдауға және осы мамандық бойынша жұмыс істеп жүргендердің қанағаттану деңгейіне де әсер етуі мүмкін. TALIS зерттеуіне қатысқан ЭЫДҰ елдері мен аймақтарындағы мұғалімдердің көпшілігі (90%) өз жұмыстарына қанағаттанады және көпшілігі (91%) мұғалім мамандығын таңдағанына өкінбейді.

Осыған қарамастан, TALIS зерттеуіне қатысқан ЭЫДҰ елдері мен аймақтарындағы мұғалімдердің орта есеппен 26%-ы ғана олардың еңбегін қоғам бағалайды деп есептейді. Жұмыс өтілі ұзағырақ мұғалімдер жас әріптестеріне қарағанда, бұл мамандықтың тиісті деңгейде бағаланбайтынын айтады. Бұл ретте мұғалімдердің кәсіби сатымен көтерілу кезінде белгілі бір деңгейде көңілі қалғанын байқауға болады. Сонымен қатар, 50 жас және одан төмен жастағы мұғалімдердің 14%-ы алдағы бес жыл ішінде, яғни зейнеткерлік жасқа жетпес бұрын ұстаздық қызметтен бас тартқысы келетінін айтты.

Жұмыстағы қатты күйзеліс мұғалімдердің жұмыспен қанағаттануымен және сабақ беруді жалғастыру ниетімен тығыз байланысты: мұғалімдердің 18%-ы жұмысында қатты күйзеліске ұшырайтынын, ал 49%-ы әкімшілік жұмыстың тым көп болуы күйзелістің негізгі көзі екенін айтады.

ЭЫДҰ елдеріндегі және TALIS экономикаларындағы мұғалімдердің көпшілігі тұрақты шарттар негізінде жұмыс істейтінін және тек 18%-ы ғана еңбек шарттары уақытша екенін көрсетті. Бірақ бұл көрсеткіш 30 жасқа дейінгі мұғалімдер үшін 48%-ға дейін артып отыр. Уақытша шарттар белгілі бір жағдайларда тиімді болғанымен, қатысушы елдердің шамамен үштен бірінде еңбек шарттары бір жылдан аз уақытқа рәсімделген мұғалімдер өздерінің сабақ беру қабілетіне сенімді емес екенін мәлімдейді.

Жалақы мәселесіне келетін болсақ, ЭЫДҰ елдері мен аймақтары бойынша орта есеппен мұғалімдердің 39%-ы және директорлардың 47%-ы өздерінің жалақыларына қанағаттанады. Аттестация үдерісінің жалақыны көтеру немесе үстеме беру түріндегі мансаптық өсумен байланысы аса кең таралмаған: орта есеппен мұғалімдердің 41%-ы ғана мектепте осындай жағдайлар орын алатынын айтады. Дегенмен, осындай жағдай орын алатын мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің үлесі TALIS зерттеуінің соңғы циклімен салыстырғанда айтарлықтай артты және қатысушы елдер мен аймақтардың жартысынан көбінде орын алады. Сондай-ақ, мектеп басшылығының мұғалімдердің жалақысына қатысты қандай да бір өкілеттіктері болған кезде мұндай тәжірибе жиі кездесетінін атап өткен жөн.

Қызметкерлерге мектеппен байланысты шешімдерді қабылдауда белсенді болуға мүмкіндік беретін және олардың кәсіби дамуына қолдау көрсететін мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің еңбек шартымен (еңбекақыны қоспағанда) қанағаттану ықтималдығы жоғары болуы мүмкін.

Көптеген мамандықтар үшін бір-бірімен үнемі ынтымақтаса жұмыс істейтін практиктер қауымдастығы ерекше маңызды болып келеді. Мұндай кәсіби ынтымақтастық топтық оқыту, сабақтарды бақылау негізінде кері байланыс беру, әртүрлі сыныптардағы бірлескен іс-әрекеттерге қатысу және ынтымақтастық негізіндегі кәсіби дамуға қатысу түрінде болуы мүмкін. ЭЫДҰ мұғалімдері көбінесе әріптестерімен нақты бір оқушылардың дамуын талқылау (мұғалімдердің 61%-ы) және материалдарды әріптестермен бөлісу (47%) сияқты негізгі ынтымақтастық әдістеріне сүйенеді. Дегенмен, мұғалімдер арасындағы өзара тәуелділіктің жоғарылауын көздейтін кәсіби ынтымақтастықтың тереңірек түрлеріне қатысатын мұғалімдер әлдеқайда аз, мұғалімдердің тек 9%-ы ғана әріптестеріне сабақтарды бақылау негізінде кері байланыс беретінін айтты, ал 21%-ы кемінде айына бір рет бірлескен кәсіптік оқытуға қатысады.

21-ші ғасырдағы оқытуды ілгерілетуге ықпал ететін ынтымақтастықтың ықпалын ескере отырып, мықты кәсіби ынтымақтастықтың аз болуы алаңдататын жағдай. Өз әріптестерімен жүйелі түрде жұмыс істейтін мұғалімдер көп жағдайда сыныпта когнитивті белсендіру тәжірибелерін пайдаланатыны туралы есеп береді. Кәсіби ынтымақтастық сонымен қатар жұмыспен қанағаттану деңгейінің артуымен және мұғалімнің өз құзыреттілігіне деген сенімімен байланысты.

Әріптестер тарапынан жасалатын кері байланыс – мұғалімдер өз тәжірибесінің сарапшылары ретінде басты назарда болатын ынтымақтастықтың бірегей түрі. ЭЫДҰ елдері бойынша орта есеппен өзара пікір алысқан мұғалімдердің 71%-ы оны өз дамуына пайдалы деп тапты. Мұғалімдерге берілген кері байланыс бір ғана қайталанатын әдіспен ғана емес, әртүрлі тәсілдермен берілген кезде тиімділігі жоғары болып келеді.

Сыныпта сабақ беру тәжірибесі бойынша мұғалімге еркіндік беріледі: мұғалімдердің 90%-дан астамы оқыту әдістерін өздері таңдайтынын, оқушылардың бағалайтынын, оқушылардың тәртібін қадағалап, үй тапсырмасының көлемін белгілейтінін айтады. Дегенмен, жалпы курс мазмұнын анықтау көбінесе мұғалімнің міндетіне кірмейді, мұғалімдердің тек 84%-ы ғана оған шектеулі бақылау жүргізе алатынын айтты.

Мұғалімдерді өз мектептерінде шешімдер қабылдау үдерісіне тарту үшін көбірек күш салу керек. ЭЫДҰ елдері мен TALIS экономикалары бойынша орта есеппен директорлардың тек 56%-ы мұғалімдер мектепті басқаруға қатысады деп хабарлады. Сонымен қатар, директорлардың тек 42%-ы мектеп саясаты, оқу бағдарламасы және нұсқаулықтарға қатысты міндеттердің көп бөлігі бойынша мұғалімдер айтарлықтай жауапкершілікті өз мойындарына алатынын айтады. Мұғалімдерге қызметкерлер құрамы мен бюджетке қатысты жуапкершілік артылмайды; бірақ бюджетті бөлу әлі күнге дейін мектептің бақылауында, директорлардың 68%-ы осы мәселе бойынша мектептерге үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты.

 

Дереккөз:

OECD (2020), TALIS 2018 Results (Volume II): Teachers and School Leaders as Valued Professionals, TALIS, OECD Publishing, Paris. https://doi.org/10.1787/19cf08df-en.

2-бөліміне сілтеме

0
*
*

Жаңа тіркелгі
*
*
*
кілтсөз енгізілмеген
*

fourteen − thirteen =

Password generation