Индустриялық білім беруден экожүйеге көшу, қаржыландыру және мүдделі тұлғаларды тарту сияқты жағдайлардың қажеттілігінен басқа, басқаруды түсінуде белгілі бір дүниетанымдық өзгерістерге әкеледі. Спенсер-Кейс және т. б. (2020) білім берудің екі түрі үшін көшбасшылықтың келесі сипаттамаларын анықтады:

Индустриялық және экожүйелік көшбасшылық модельдерін қарама-қарсы қою

Индустриялық көшбасшылық

Экожүйелік көшбасшылық

Биліктің иерархиялық, жоғарыдан төмен құрылымы және ақпарат ағыны. Адамдар — мақсатқа жетудің құралы. Адамдар сызықтық, дәйекті құрылымға сүйенеді. Коммуникациялар ақпараттың нұсқауы және беруімен шектеледі.

Көлденең/жалпақ желілер, ақпарат барлық бағытта таратылады. Адамдарды барлық жан-жақтылығымен, екіұштылығымен және тұтастығымен қабылдап, жеке де, ұжымда да бағалайды. Коммуникациялар белсенді және мұқият тыңдауға, сұрақтар мен сторителлингке негізделген. Нәтижесінде адамдар өздерінің осалдығын көрсетуге мүмкіндік алады.

Нұсқаулар мен бақылауға негізделген өктем қатынастар. Бағыну айла-шарғы, қорқыту, «қамшылау және арбау» арқылы жүзеге асырылады. Мақсаты — бөлу және басқару.

Адамдардың мүдделеріне қамқорлық жасау, биліктің икемді бөлінуі, ашық, шынайы қарым-қатынас. Көшбасшылар командамен ынтымақтасады, көбінесе фасилитаторлар ретінде әрекет етеді, командаға өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік береді, білімдерімен бөлісіп, әзілмен қарым-қатынас орнатады. Мақсаты — өзара әрекеттесуді, эмпатия мен жанашырлықты көтермелейтін мәдениетті қалыптастыру.

Рәсімдер ақпарат пен идеялардың еркін таралуына жол бермейтіндей етіп құрылған. Жеңімпаздар мен жеңілгендерге қатаң бөлу. Негізінен қысқа мерзімді мақсаттарға назар аудару.

Өмір бойы білім беру қағидаттарына және қалпына келтіру циклдеріне негізделген рәсімдер. Ақпарат алмасуды және инновацияның шығармашылық іздеуін жеңілдетеді. Ұзақ мерзімді басымдықтарға сәйкес келетін тәжірибелер, тәуекелдер мен оқыту көтермеленеді. Кері байланыс тізбектері қолданылады.

Біртекті ұжым

Әртүрлілік және инклюзивтілік

Міндет — бәсекелестерді саладан шығару арқылы жеңу.

Міндеті — келісілген ішкі және сыртқы мүдделер негізінде өзара іс-қимылды жолға қою. Ортақ құндылықтармен байланысты адамдармен бірлескен жұмысты ұйымдастыру үшін жүйенің барлық тармақтарына назар аударылады.

Мектеп басшыларының мектептердің жергілікті қауымдастықпен ынтымақтастығы арқылы білім беру экожүйелерін құрудағы рөлін зерттеу нәтижелері көрсеткендей (DiMartino, 2018), олар нақты мақсаты бар, мектеп мақсаттарымен байланысты, сонымен қатар оқушыларға, қызметкерлерге және қоғамға мүмкіндік беретін серіктестік орнатуды жөн көреді. Сонымен қатар, мектеп басшылары серіктестік қатынастарды қолдау үшін бұрыннан қалыптасқан құрылымдар мен байланыс арналарына сүйенеді. Бұл ретте, жергілікті қоғамдастықпен ынтымақтастықты орнату кезінде олар үшін стратегияның, жоспарлардың болуы және басымдықтарды белгілеу маңызды аспект болып табылады.

Жергілікті қоғамдастықпен ынтымақтастықта білім беру ұйымының мазмұнды дамуын жоспарлау қабілетімен қатар, олардың басшылары басқарушылық міндеттерді де шешуге мәжбүр болады.

Спенсер-Кейс және т.б. (2020) атап өткендей, білім беру экожүйесі кез-келген басқа күрделі ұйым секілді, өмірлік циклдің төрт нақтылы кезеңнен өтеді: пайда болу, өсу, жетілу, құлдырау.

Пайда болу кезеңі негіз қалаушылардың шектеулі санымен, олардың арасындағы әлсіз байланыстармен, әлі күнге дейін қалыптаспаған көзқараспен және ынтымақтастықтың төмен деңгейімен сипатталады. Бұл кезеңде көшбасшылар экожүйені құру үдерісін бастауы қажет, негіз қалаушылар рөлін атқара алатын және экожүйенің барлық қатысушылары үшін ортақ мақсаттар қоя алатын мамандарды анықтап, тартуы керек.

Өсу және кеңею кезеңінде экожүйеге жаңа ойыншылар қосылып, бірлескен бастамалар мен жобалар көбірек пайда болады. Негізгі сын-қатерлер – экожүйеге қатысушылар тұрғысынан сыни массаға қол жеткізу, жалпы құрылымдарды, үдерістер мен хаттамаларды әзірлеу, сондай-ақ қатысушылардың нақты жетістіктері мен бастамалары арқылы берілген бағытты қолдау болып келеді.

Бір сәтте ресурстар мен қатысушылардың ағыны төмендеп, өсу қарқыны теңесіп, жүйе жетілу кезеңіне өтеді. Бұл кезеңдегі қатынастар анағұрлым тұрақты, ал басты міндет – динамикалық статус-квоны сақтау болып келеді. Жетілу кезеңінің басталуымен көшбасшылар экожүйе ішіндегі біртұтастықты нығайтып, өзара байланыстардың сапасын жақсартуы, қалыптасқан үдерістерді оңтайландыру мен рационализациялаумен айналысуы және экожүйенің ішінде де, сыртында да тұрақты өсу үшін жаңа идеялар мен жобалардың ағынын ынталандыруы қажет.

Сонымен, ерте ме, кеш пе, экожүйе сыртқы сын-қатерлерге (мысалы, жаңа білім беру технологияларының пайда болуы немесе экономика мен еңбек нарықтарындағы маңызды өзгерістер) немесе ішкі қарама-қайшылықтарға (мысалы, көшбасшылардың ауысуы) тап болады. Құлдырау басталып, бұл, өз кезегінде, экожүйенің жойылуына немесе оның мәнін толығымен қайта қарастыруға және одан әрі жаңадан пайда болуға әкеледі. Егер көшбасшы экожүйенің дамуындағы құлдырауды байқаса, онда ол жойылу белгілерін танып, өзгеру мүмкіндіктерін анықтауы керек.

Осылайша, экожүйе көшбасшылары үшін негізгі сын-тегеуріндердің бірі басқару және өзара іс-қимыл қағидаттарын үнемі қайта қарастыру, сондай-ақ жүйенің эволюциясы ретінде талап етілетін құзыреттер мен тәсілдемелерді дамыту қажеттілігі болып табылады. Жоғары деңгейдегі көшбасшылық жалпы білім беру экожүйесін сәтті дамытудың кілті болып табылады.


 

Дереккөздер:

Спенсер-Кейс Д., Лукша П., Кубиста Д. (2020). Образовательные экосистемы: возникающая практика для будущего образования. Московской школы управления СКОЛКОВО и Global Education Futures: Москва

DiMartino, Lisa, «The Role of School Leaders in Creating a Learning Ecosystem Through School-Community Partnerships» (2018). Educational Studies Dissertations. 141. https://digitalcommons.lesley.edu/education_dissertations/141

0
*
*

Жаңа тіркелгі
*
*
*
кілтсөз енгізілмеген
*
Password generation