COVID-19 пандемиясының бүкіл әлем бойынша білім беру жүйелеріне әсері туралы ғылыми зерттеулер алғашқы сатысында ғана және негізінен әртүрлі елдердегі жекелеген жағдайларды ғана қарастырады.

«Economic Policy Institute» үшін жазған мақаласында Гарсия мен Вайсс (2020) білім беру саясатын қалыптастыру және оны қазіргі жағдайға бейімдеу жөнінде өзекті шешімдер ұсынады. Оқудағы олқылықтарды барынша азайту үшін болашақта жүзеге асырылуы керек шаралар ретінде авторлар үш «R»-ді атап өтеді: қолдау (relief), қалпына келтіру (recovery), қайта құру (rebuilding). Ең алдымен, қашықтан сапалы оқыту үшін мектептерді барлық ресурстармен қамтамасыз ету қажет. Себебі мектептер ресурстар тапшылығын өз бетімен шеше алмайды, оларға үкіметтен қолдау қажет.

Сондай-ақ, қашықтан оқыту кезінде оқытуда пайда болған олқылықтарды жою үшін мектептерге қосымша салымдар қажет. Олқылықтарды жою дегеніміз балаларды және олардың оқу қажеттіліктерін тексеру, жоғары білікті педагог мамандарды ұстап қалу стратегиясы, тұлғаға бағытталған оқуға көп көңіл бөлу, балалар мен мұғалімдерді әлеуметтік және эмоциялық тұрғыдан қолдау және қосымша бағдарламаларды (мысалы, жазғы мектеп) ұйымдастыру.

Сонымен, пандемия білім беруге кедергі келтіретін проблема ғана емес, ол қолданыстағы білім беру жүйесін сыни тұрғыдан бағалауға және болашақта осы жүйені жетілдірудің мүмкіндіктерін ойластыруға септігін тигізеді. Балалардың толық және жан-жақты дамуына назар аудару қажет, бұл дегеніміз олардың танымдық және әлеуметтік-эмоциялық дағдыларын дамыту, сонымен бірге стандартты тесттермен шектелмей, оқушылардың дағдыларын жан-жақты бағалау. Білім беру саясаты білім мен оқу ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігі тең емес екендігін ескеруі керек, сонымен қатар оны экономикалық саясатпен үйлестіруі қажет, өйткені жалпы даму үшін жалғыз білім жеткіліксіз.

БҰҰ-ның пандемия кезінде  білім алуға қатысты жасаған аналитикалық анықтамасы (2020) мектептердің жабылуы балалардың оқуына және одан әрі дамуына қалай әсер ететініне байланысты пессимистік баға береді. Мектептердің ұзақ уақытқа жабылуы (әсіресе жақын болашақта мектептерді ашудың нақты қадамдары қарастырылмаса) мектепке дейінгі білімнен бастап техникалық және кәсіптік, сондай-ақ жоғары білімге дейін барлық білім беру деңгейлеріне кері әсер етеді деп күтілуде.

Білімге қол жеткізудегі теңсіздік сияқты маңызды проблема бар. Мәселен экономикалық даму деңгейі төмен елдердің шамамен 40%-ы пандемия кезінде білім беру беру жүйесін қолдауға қауқарсыз. Пандемия салдарынан әлеуметтік-экономикалық алшақтық 30%-ға дейін өсуі мүмкін. Пандемияның теріс әсері білім беру жүйесімен ғана шектеліп қоймайды: адам даму индексі (HDI) тарихында алғаш рет теріс үрдіс көрсетеді деген болжам бар.

Дамудағы айырмашылықтар пандемия кезіндегі оқыту әдісінен де байқалады. Әлемнің көптеген елдері мектептерді жабу шешімін қабылдағандықтан, қашықтан оқыту құралдарын таңдау қажет болды. Көптеген Африка елдері радио мен теледидарға сүйенсе, Еуропа мен Азияның көптеген мемлекеттері орта білімнің барлық деңгейлерінде онлайн режимде білім бере алады.

БҰҰ оқытудың тиімділігі мен теңдігін қамтамасыз ету үшін келесі ұсыныстар береді:

  • Вирустың таралуын бақылау және мектептерді қауіпсіз және жаппай ашу жоспарын тез арада құру;
  • Пандемия барлық елдерде мемлекеттік бюджетке ауыр соққы тигізетінін ескере отырып, білім беру жүйесін қаржыландыруды барынша қорғау;
  • Барлық балаларға тең дәрежеде қолжетімді білім алу мүмкіндігін ұсына отырып, білім беру жүйесін нығайту және оны болашақта осындай күйзелістерден қорғау;
  • Білім беру жүйесін қайта қарастыру, оның ішінде мұғалім мамандығын қолдау мәселесі, техникаға қолжетімділікті білім берудің маңызды элементі ретінде анықтау және білім берудің барлық деңгейлерінде икемділікті арттыру.

Фернандес пен Шоудың (2020) мамандандырылған жұмысы пандемия кезінде білім берудегі көшбасшылықты зерттеуге бағытталған. Өз еңбектерінде олар дағдарыс жағдайында тиімді көшбасшылықты қамтамасыз ететін үш тәжірибеге назар аударады.

  • Дағдарыс кезінде эмоционалды интеллект пен эмоционалды тұрақтылыққа баса назар аудару өте маңызды. Білім беру жүйесінде кенеттен орын алған күрт өзгерістер нәтижесінде туындаған стресс білім беру үдерісінің барлық қатысушыларына әсер етуі мүмкін, сондықтан барлық қызметкерлермен жақсы қарым-қатынас орнатып, оларға қолдау көрсететін тұрақты басшылық қиындықтарды жеңуге көмектеседі;
  • Қатаң иерархияның орнына жетекшілік ететін топ мүшелерінің өзара жауапкершілік бөлісуі дағдарыс кезіндегі мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді;
  • Басшылықтың оқу үдерісіне тартылған барлық тұлғалармен ашықтығы және айқындылығы айтарлықтай маңызды. Қашықтан оқыту мұғалімдермен, оқушылармен және ата-аналармен әртүрлі байланыс арналарын құруға және олардан қажетті шешімдер қабылдауға көмектесетін ақпарат жинауға мүмкіндік береді.

Дереккөздер:

  • Fernandez, A. A., & Shaw, G. P. (2020). Academic Leadership in a Time of Crisis: The Coronavirus and COVID‐19. Journal of Leadership Studies, 14(1), 39-45.
  • García, E., & Weiss, E. (2020). COVID-19 and Student Performance, Equity, and US Education Policy: Lessons from Pre-Pandemic Research to Inform Relief, Recovery, and Rebuilding. Economic Policy Institute. September, 10, 2020.
  • United Nations. (2020). Policy Brief: Education during COVID-19 and beyond. Available from: https://www.un.org/development/desa/dspd/wp-content/uploads/sites/22/2020/08/sg_policy_brief_covid-19_and_education_august_2020.pdf
0
*
*

Жаңа тіркелгі
*
*
*
кілтсөз енгізілмеген
*

14 − thirteen =

Password generation