ӘЛЕУМЕТТІК-ЭМОЦИЯЛЫҚ ДАҒДЫЛАРДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ: ӨТКІЗІЛГЕН ЗЕРТТЕУЛЕРГЕ ШОЛУ

№23 Дайджест. ЭЫДҰ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭМОЦИЯЛЫҚ ДАҒДЫЛАРДЫҢ BEYOND ACADEMIC LEARNING ЕСЕБІ

Соңғы жылдары көптеген зерттеушілер мен бірқатар мемлекет үкіметтері оқушылардың академиялық жетістіктерінің маңыздылығын тани отырып, сонымен қатар оқушылардың жан-жақты тұлғалық дамуына қажетті эмоциялық зияттарын және әлеуметтік-эмоциялық дағдыларын дамыту қажеттілігін мойындап отыр. Осы жағдайды ескере отырып, 2021 жылы Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы (ЭЫДҰ) орта мектептегі әлеуметтік-эмоциялық дағдылардың Beyond Academic Learning (Мектептегі оқумен шектелмеу) зерттеуінің нәтижелерін жұртшылық назарына ұсынды. Бұл зерттеудің негізгі кезеңін ЭЫДҰ 2019 жылы 9 елдегі 10 қала мектептерінде өткізді. Қатысушылар қатарында:

Қала

Мемлекет

1

Богота

Колумбия

2

Манизалес

Колумбия

3

Хьюстон

АҚШ

4

Оттава

Канада

5

Хельсинки

Финляндия

6

Синтра

Португалия

7

Ыстамбұл

Түркия

8

Мәскеу

РФ

9

Тэгу

Оңтүстік Корея

10

Сучжоу

ҚХР

Зерттеу аясында қатысушы 10 қаланың 10 және 15 жасар мектеп оқушылары, олардың ата-аналары, мұғалімдер, мектеп басшылары алдын-ала сынақтан өткен сауалнама сұрақтарына жауап берді. Зерттеуге әр жас тобында 3,000-ға жуық оқушы қатысты. 10 жастағы балалар сауалнама сұрақтарына жауап бере алатын ең жас оқушылар тобы болып саналса, зерттеу өткізілетін елдерді және жалпы әлемдегі білім беру жүйелерін қарастырғанда 15 жастағы балалардың көпшілігі мектепте оқу алып отырған ең үлкен жас тобы. Сонымен қатар, PISA тестілеуі 15 жасар балалар арасында өткізілетіндіктен, екі зерттеудің нәтижесін салыстыруға мүмкіндік туындайды.

Осы зерттеудің нәтижесін толығырақ қарастырудың алдында әлеуметтік-эмоциялық дағдылар саласында осыған дейін өткізілген зерттеулерге қысқаша шолу ұсынамыз.

Әлеуметтік-эмоциялық дағдылар мен оқу жетістіктері арасындағы байланыс. Жалпы алғанда, әдебиеттегі әлеуметтік-эмоциялық дағдыларға анықтама аса ауқымды, себебі кейбір авторлар «әлеуметтік-эмоциялық дағдылар» мен «когнитивті емес дағдылар» терминдерін өзара алмастырып қолданады. Бұл дағдылар когнитивті қабілетті өлшейтін стандартты тестілеу арқылы өлшеуге келмейді; адамның мінез-құлығы, ойлауы мен эмоциясының белгілі бір тұрақты сипаттары ретінде белгілі болады; және генетикалық ықпалға қарамастан белгілі бір дәрежеде әлеуметтену және білім алу арқылы өзгеріске ұшырауы мүмкін.

Әлемдегі білім беру жүйелерінің көпшілігі оқу жетістіктерін барынша жетілдіруге бағытталғандықтан, әлеуметтік-эмоциялық дағдылардың оқушылардың үлгеріміне қандай әсер ететінін зерделейтін сан-алуан зерттеулер жарияланған болатын. Lechner, Angerb & Rammstedt (2019) әдебиет шолуына сүйенетін болсақ, осы саладағы зерттеулерді 3 топқа бөлуге болады:

  • Әлеуметтік-эмоциялық дағдылардың білім беру нәтижелеріне әсері;
  • Білім беру факторларының әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды қалыптастырудағы рөлі;
  • Әлеуметтік-эмоциялық дағдылардың ересек өмірдегі жетістіктерге әсері.

Осылардың арасында, үшінші бағыт (ересек өмірдегі нәтижелер) орындалған және жарияланған зерттеу саны бойынша алда. Бұл зерттеулер әлеуметтік-эмоциялық дағдылардың өсіп жатқан маңыздылығын көрсетіп, осы дағдылардың жұмысқа орналасу мен табыс көлеміне, денсаулық пен өмір ұзақтығына, некелік тұрақтылыққа, психологиялық саулыққа және жалпы өмірге қанағаттануға әсерін қамтиды. Содан соң көлемі бойынша бірінші бағыт (білім беру нәтижелері) зерттеулері өткізілді, бұл арада әлеуметтік-эмоциялық дағдылардың оқу жетістіктеріне, білімді жалғастыруға немесе жалғастырмауға деген әсері қарастырылған.

Зерттеу көлемі салыстырмалы түрде аз болғанымен, екінші бағыттағы (білім беру факторларының әсері) зерттеулер әлеуметтік-эмоциялық дағдылардың өзгермелі сипатына ие екеніне білім беру мамандарының көзін жеткізді. Бірнеше білім беру параметрлері (мектепке дейінгі тәрбие беру, үй жұмысы, оқу қарқындығы, арнайы білім беру интервенциялары) оқушылардың когнитивті емес дағдыларына айтарлықтай әсер ететіні бірнеше еңбектерде талқыланған.

Big Five тестілеуі және оқу жетістіктері. Жалпы әлеуметтік-эмоциялық дағдыларын зерттеудің аса маңызды компоненті – Big Five тұлғалық тестілеу құралы. Бұл құрал адамдардың тұлғалық қасиеттерін типологияға негіздеп саралайды. Big Five құралы психологиялық зерттеулерде аса жиі қолданылады, себебі оның ғылыми сенімділігі және валидтігі көптеген зерттеулер нәтижесінде дәлелденді. Психометрия саласындағы басқа әйгілі құрал – Майерс-Бриггс типологиясына қарағанда Big Five тестілеуі ғылыми негіздемесінің деңгейі жоғары. Big Five типологиясының негізгі бес факторы мынадай:

  • Экстраверттілік (Extraversion) – адамдармен қатынасу, араласу, байланыс орнату қабілеті;
  • Келісімділік (Agreeableness) – басқаларды сыйлау, құрметтеу және олармен әрекеттесуге ниет білдіру қабілеті;
  • Сана (Conscientiousness) – өзін-өзі ұйымдастыру, жауапкершілік таныту, өнімді болу қабілеті;
  • Эмоциялық тұрақтылық (Emotional Stability) – сабырлық сақтау, мазасызданбау және жалпы ақкөңілді болу қабілеті;
  • Ашық болу (Openness) – жаңа нәрселерге қызығушылық, шығармашылық, эстетикалық сезімділік секілді қасиеттер.

Big Five құралы ЭЫДҰ Beyond Academic Learning әдістемесінің негізінде де жатыр. Зерттеу авторлары осы типология оқушылардың әлеуметтік-эмоциялық сипаттарын және жеке тұлғалық қасиеттерін анықтауда тиімділігін жоғары бағалайды. Әр бес факторлардың ішінде үш дағды анықтап, зерттеу авторлары сонымен қатар қосымша екі фактор ұсынды: білім алудағы ынта және өз тиімділігіне сену.

Фактор

Дағды

Сипаты

 

Ашық болу

Білімге құмарлық

Идеяларға қызығады, оқуды жақсы көреді,

 

Толеранттық

Әр-түрлі көзқарастарға ашық, өзге мәдениеттерді құрметтейді

 

Шығармашылық

Іздестіру, қатемен жұмыс жасау, ойлану арқылы бірдеңені жасаудың немесе ол туралы ойлаудың жаңа тәсілдерін ойластырады

 

Сана

Жауапкершілік

Айтқан сөзінде тұрып, уақытылы және сенімді түрде бәрін орындайды

 

Өзін-өзі басқару

Көңілін бөлмей, өз зейінін бір нәрсеге арнап, қойған мақсатына жетуге бағыт алады

 

Қайсарлық

Ісін бітірмегенше жасай беруден қажымайды

 

Эктраверсия

Әлеуметтілік

Достары мен білмейтін адамдармен байланысты бастап, қолдай алады

 

Өзін-өзі ұстау

Өз пікірін, сезімін, қажеттіліктерін еркін айта алады, әлеуметтік әсері бар

 

Қуат

Күнделікті өмірге қуат, шаттық пен кенеттікпен қарайды

 

Келісімдік

Эмпатия

Өзгелерді түсінеді және күтеді. Жақын қарым-қатынастарды бағалайды және құруға тырысады

 

Сенім

Өзгелердің ниеті игі деп ойлайды және олардың қателіктерін кешіреді

 

Ынтымақтастық

Өзгелермен тату-тәтті тұрады және барша адама арасындағы байланысты құнды деп санайды

 

Эмоциялық тұрақтылық

Күйзеліске төзімділік

Алаңдауды тиімді реттейді және туындайтын мәселелерді сабырлы түрде шеше алады

 

Оптимизм

Өзінен және жалпы өмірден жағымды нәрселерді күтеді

 

Эмоцияны басқару

Қиындық туындаған кезде ашуын басу үшін тиімді стратегиялары бар

 

Қосымша индекстер

Білім алудағы ынта

Өзі үшін жоғары стандарты бар және оларға жету үшін еңбек жасайды

 

Өз тиімділігіне сену

Тапсырманы орындап, мақсатқа жете аламын деген сенімділігі

 

Осы сипаттарды ескере отырып, ЭЫДҰ мамандары әлеуметтік-эмоциялық дағдыларды зерттеу әдістемесін әзірледі. Осы зерттеудің нәтижелері дайджесттің келесі мақаласында талқылаймыз.

Дереккөздер:

Komarraju, M., Karau, S. J., Schmeck, R. R., & Avdic, A. (2011). The Big Five personality traits, learning styles, and academic achievement. Personality and individual differences, 51(4), 472-477.

Lechner, C. M., Anger, S., & Rammstedt, B. (2019). Socio-emotional skills in education and beyond: recent evidence and future research avenues. In Research Handbook on the Sociology of Education. Edward Elgar Publishing.

OECD (2021), Beyond Academic Learning: First Results from the Survey of Social and Emotional Skills, OECD Publishing, Paris.

Villaseñor, P. (2018). The different ways that teachers can influence the socio-emotional development of their students: A literature review. World Development Report.

2-бөліміне сілтеме

0
*
*

Жаңа тіркелгі
*
*
*
кілтсөз енгізілмеген
*

3 × 3 =

Password generation