Зерттеу департаменті
Біз туралы
2024 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымы (бұдан әрі – АББҰ) АББҰ-ның 2035 жылға дейінгі жаңа Даму стратегиясын бекітті.
Аталған Стратегияға сәйкес негізгі қағидаттардың бірі – «Зерттеулерге негізделген даму». Осыған орай, ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу АББҰ қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Сонымен қатар, 2023 жылы АББҰ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредитациядан өтті, бұл АББҰ-ға бірқатар артықшылықтар береді.
Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі мәртебесі АББҰ-ға келесі мүмкіндіктерді ұсынады:
• ғылыми-зерттеу жобаларын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарына қатысу;
• ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған неғұрлым перспективалы жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына қатысу;
• реферативтік және толықмәтінді дерекқорларға Ұлттық жазылымды рәсімдеген ұйымдар тізіміне ену мүмкіндігі;
• «Болашақ» бағдарламасы аясында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі;
• ғылыми және құрметті атақтарды, атаулы стипендиялар мен сыйлықтарды, ведомстволық наградаларды тағайындауға үміткерлер ұсыну мүмкіндігі;
• АББҰ қызметкерлерін, шығармашылық ұжымдарды ғылым саласындағы еңбегі үшін салалық және үкіметтік наградалар мен құрметті атақтарға ұсыну мүмкіндігі (мысалы, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі);
• қазақстандық жоғары оқу орындарының магистранттары үшін зерттеу практикасының базасы болу.
АББҰ-ның тұрақты жұмыс істеуі мен тиімді дамуына бағытталған зерттеу қызметін дамыту мақсатында 2015 жылдан бастап Зерттеулер департаменті қызмет атқарады.
Департамент АББҰ-дағы зерттеу қызметінің жалпы үйлестіруін және мониторингін жүзеге асырады.
Департаменттің міндеттері:
құрылымдық бөлімшелердің, еншілес ұйымдардың және филиалдардың қызметкерлері арасында ғылыми зерттеулер жүргізу әлеуетін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастыру;
АББҰ-ның басым бағыттары бойынша зерттеулерді үйлестіру және жүргізу;
АББҰ ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіне тарату.
Департамент АББҰ зерттеушілерімен, Зияткерлік мектептердің практикашы-зерттеушілерімен, сондай-ақ зерттеу жобалары шеңберіндегі халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Сонымен қатар, департамент жыл сайынғы NIS Conference халықаралық конференциясын (бұрын – АББҰ-ның халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы) ұйымдастыру және өткізуге жауапты.