Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) «Білім беру болашағына оралу: ЭЫДҰ-ның мектеп біліміне қатысты төрт сценарийі» жарияланымында білім берудегі ұзақ мерзімді стратегиялық ойлауды қолдау құралы ретінде білім беруді дамытудың 2040 жылға дейінгі нұсқаларын ұсынды.

Аталған сценарийлер ықтимал мүмкіндіктер мен проблемаларды анықтауға көмектесіп, алдын-ала дайындалуға және әрекет етуге көмектеседі. Сценарийлер шамамен 20 жылға есептелген, бұл тікелей саяси циклдердің әсер ету аймағынан тыс жерлерде едәуір өзгерістердің орын алуына мүмкіндік беретін айтарлықтай ұзақ уақыт.

Сценарий дегеніміз  стратегиялық болжау аясында қолданылатын әдіс. Ол әдейі ойдан шығарылған, онда ешқашан болжамдар мен ұсыныстар қамтылмайды. Сценарийлерді тиімді пайдалану үшін белсенді араласу және диалог жасау қажет. Сценарийлер дегеніміз бұл келешек сипатталатын болашақтың балама нұсқалары (салыстырмалылық үшін әдетте үш-төрт нұсқа беріледі). Болашақтың сценарийлеріне сүйене отырып, ертеңгі күнге қатысты идеяларды ойлап шығарып, сынап, қайта қарастыру арқылы бүгінгі күні білім алып, белгілі бір әрекеттер жасауға болады. Төменде берілген кестелерде болашақ білім беру сценарийлеріне қатысты мақсат пен функция, ұйымдастыру мен құрылым, оқытушылар құрамы сияқты негізгі ұғымдар қарастырылған.

1-сценарий: мектептік білім беруді кеңейту

Мақсаттары мен функциялары: ресми білім беру өз әсерін кеңейтуді жалғастырады. Білім туралы құжаттар экономикалық және әлеуметтік жетістіктің басты кепілі болып қала береді. Оқу бағдарламасы бірінші орынға шығады, өйткені мемлекеттерде жалпы оқу бағдарламалары мен бағалау құралдары қолданылады. 

Ұйымдастырылуы және құрылымы: мемлекет пен жеке меншік сектордың халықаралық деңгейдегі әріптестігі әртүрлі цифрлық білім беру ортасын құруға ықпал етеді. Әртүрлі елдерде оқу ресурстары қолданылады және деректер ортақтасып пайдаланылады. Оқуды ұйымдастыру және мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы негізінен өзгеріссіз қалады, дегенмен инновацияларға мүмкіндік бар.

Педагогикалық кадрлар: оқу оқушыға бағыттала түседі, яғни мұғалімдердің жұмыс істеу табиғаты өзгереді, бұл өз кезегінде педагогикалық білім беруге және мұғалімдердің кәсіби дамуына әсер етеді. Мектеп желілерінде міндеттердің нақты бөлінуі  және кәсіби бейіндердің өте әртараптандырылуы байқалады, бұл кең ауқымды өзгерістердің пайдасын тигізеді.

2-сценарий: білім беру аутсорсингі

Мақсаттары мен функциялары: ата-аналардың баланың білім алуына белсенді қатысуы нәтижесінде мектепке балама ретінде жеке және қоғамдық бастамалардың әртүрлі формалары пайда болуда. Таңдау маңызды рөл атқарады – білім беру қызметін сатып алатындардың таңдауы және әртүрлі оқу траекторияларына нарықтық құндылық беретіндердің таңдауы, мысалы, жұмыс берушілердің таңдауы маңызды.

Ұйымдастырылуы және құрылымы: білім беру аутсорсингі кеңейген сайын дәстүрлі бюрократиялық басқару және жүйелік есеп беру азаяды. Кең қатар оқу бағдарламалары (ұзақтығы, көлемі, құны және т.б. әртүрлі бағдарламалар) оқушыларға өз қарқынында алға басуға мүмкіндік береді.

Педагогикалық кадрлар: алуан түрлі оқыту профильдері мен жұмыс жағдайлары бар, сөйтіп бұл жағдай кәсіби мәртебе мен беделділікке әсер етеді. Жаппай цифрлық оқу платформалары сияқты оқыту желілері әртүрлі адами ресурстарды белгіленген қажеттіліктерге орай біріктіреді.

3-сценарий: мектептер оқыту орталықтары ретінде (оқу «хабтары»)

Мақсаттары мен функциялары: мектептер өз жұмысының көп бөлігін сақтайды, бірақ құзыреттілікті тану жүйелерінің жаңа формалары оларды «аттестация қысымынан» босатады. Жүйелер енді біркелкілікке негізделмейді: жергілікті субъектілер өздері маңызды деп санайтын құндылықтарды жүзеге асыру үшін өз бастамаларын жасайды. 

Ұйымдастырылуы және құрылымы: эксперименттер мен әртүрлі педагогикалық әдістер нормаға айналады. Жеке оқу траекториялары бірлескен жұмыс аясында жетілдіріледі. Іс-шаралар өзара байланысты білім беру кеңістіктерінің желісіндегі мүмкіндіктерді көрсете отырып, кең ауқымды оқу экожүйелері тұрғысынан жоспарланады. 

Педагогикалық кадрлар: қоғамдастықтарда жұмыс істейтін білікті мұғалімдермен қатар әртүрлі дағдылар мен білім ұсынатын білім беру үдерісінің әртүрлі жеке және институционалдық қатысушылары жұмыс істейді. Мықты серіктестік сыртқы ұйымдардың  мұражай, кітапханалар, тұрғын үй орталықтары, технологиялық орталықтар және басқалар сияқты ресурстарын пайдалануға мүмкіндік береді.  

4-сценарий: практикалық оқыту («Жол-жөнекей оқимыз»).

Мақсаттары мен функциялары: цифрландыру білім, дағдылар мен тәсілдерді терең және дереу бағалауға және растауға мүмкіндік берді. «Ақысыз» оқу мүмкіндіктері қолжетімді, бұл оқу бағдарламалары құрылымының әлсіреуіне және мектеп жүйесінің бұзылуына әкеледі. 

Ұйымдастырылу және құрылымы: ақыл-ойды ортаға салу, яғни ұжымдық ақылды қолдану және нақты мәселелерді шешу үшін білім беру цифрлық және жасанды интеллектке негізделеді. Мектептік білім беру жүйесін демонтаждау және оның инфрақұрылымын қайта бейіндеу. Білім, жұмыс және демалыс арасындағы айырмашылықтар жойылуда. 

Педагогикалық кадрлар: үкіметтердің нарық пен азаматтық қоғамға қатысты рөлін елестету қиын. Деректердің қолда болуы және геосаяси астардың маңызы зор. Дәстүрлі педагог мамандар білім беру саласының мамандары ретінде жоғалып бара жатыр, өйткені адамдар өз оқуының «тұтынушысына» (білікті тұтынушылар) айналып барады.  

Білім берудің мақсаттары мен функциялары күрделі және өзара байланысты. 

Оқу мақсаттары мектептің күнделікті өмірімен ұштасып, нақты контекстке байланысты әртүрлі формалар мен мәнге ие болады. Жұмыс пен отбасылық өмірді қатар алып жүретін көптеген ата-аналар үшін баланы күту және оның қауіпсіздігі — басты міндет. Жұмыс кестесі икемді немесе әлеуметтік және қаржылық капиталы балаға уақыт бөлуге мүмкіндік беретін ата-аналар мектеп сағаттарының қысқаруына қарсы емес.

Оқу білім алудан бөлек, адамдарға кәсіби және жеке құзыреттілікті қалыптастыруға, өзін тәуелсіз азамат ретінде дамытуға көмектесетін құрал болып табылады. Демек құбылмалы әлемде табысты өмір сүруге қажетті танымдық, әлеуметтік және эмоциялық дағдылардың қалыптасуына септігін тигізеді, ал бұл өз кезегінде, кең қатар мамандықтар арасынан таңдау жасауы тиіс студенттер үшін қажет.  Негізі бұл үлкен проблема, өйткені мектептерден барлық оқушыларға  жоғары техникалық дағдыларды және үнемі арттырылатын академиялық білім беру талап етіледі; сонымен бірге мектеп оқушылардың рефлексия жасау, сыни талдау, өзін-өзі көрсетудің әртүрлі шығармашылық формаларын дамытуға көмектеседі деп күтіледі.

Сонымен қатар, мектепте алған білім мен дағдылардың тез ескіріп қалу қаупі бар, себебі қазіргі таңда білім тез алға басып, еңбек нарығы әртүрлі талаптар қоюда және сол талаптар тез өзгеріп отырады. Білім беру жүйелері адамдардың өмір бойы білім алу моделіне көшуі керек, бұл модель адамдарға өзінің оқу және еңбек ету өмірінде әртүрлі жолмен білім алуына жол ашады.

Қорытындылай келе, ЭЫДҰ сарапшылары атап өткендей, мектеп білімі деп түсінетініміз келер болашақта да болады, былайша айтқанда адамдар оны құнды (академиялық оқу, жеке және азаматтық даму, әлеуметтену және аттестаттану үшін керек) деп санағанша мектеп білімі маңызды болмақ. Уақыт өткен сайын желілене және түрлене түсетін қоғамда институционалдық білімнің болашағы оның әртүрлі әлемдерді байланыстыру қабілетіне және адамдар мен қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес келуіне байланысты болады.

 

Дереккөз:

OECD (2020), Back to the Future of Education: Four OECD Scenarios for Schooling, Educational Research and Innovation, OECD Publishing, Paris, https://doi.org/10.1787/178ef527-en.

0
*
*

Жаңа тіркелгі
*
*
*
кілтсөз енгізілмеген
*

11 − 4 =

Password generation